Әкімдіктер жол бойындағы сервис объектілерін стандартқа сәйкестендіру жол карталарын әзірлейді

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

Әкімдіктер жол бойындағы сервис объектілерін Ұлттық стандартқа сәйкес келтіру жөніндегі өздерінің жол карталарын әзірлеуі қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Қаржы министрлігі Шекара қызметімен, Ауыл шаруашылығы, Көлік министрліктерімен бірге жыл соңына дейін өткізу пункттерінің өткізу қабілетін ұлғайтудың нақты шараларын әзірлеуі тиіс. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, өткізу пункттерін толық цифрландырып, барлық ақпараттық жүйелерді интеграциялау қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Көлік министрлігіне Сауда, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, Көлік-логистика орталықтары мен бонд қоймаларын дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар сервис объектілерін салу үшін бизнес субъектілеріне жер учаскелерін беруге қатысты рәсімдерді соза бермей, 2 ай мерзімде жүргізулері тиістігін баса айтты.

«Инвесторлар тарту және жол бойындағы сервис жобаларын іске асыру бойынша жеңілдетілген механизмді пысықтау керек. Көлік министрлігі отандық компаниялар үшін шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің тиімді механизмін әзірлеп, нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізуі қажет. Әкімдіктер Жол бойындағы сервис объектілерін Ұлттық стандартқа сәйкес келтіру жөніндегі өздерінің жол карталарын әзірлеуі қажет», - деді Премьер-Министр.