— Нұрия Ханзадақызы, жергілікті бюджеттердің діттеген жерінен шығуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Елімізде тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен іске асырылатын өңірлік саясаттың маңызы зор. Ал жергілікті бюджеттердің табысты болуы үшін орталық пен өңірлер арасындағы бюджетаралық қарым-қатынастар жүйесіне айрықша мән беріледі. Бірінші кезекте қолданыстағы жүйеге сәйкес бюджетаралық қарым-қатынастар трансферттермен және несиелермен реттелетінін атап өткім келеді. Нысаналы трансферттер мен бюджеттік несиелерді жергілікті атқарушы органдар олардың тиісті мақсатына сәйкес қана пайдаланады. Нысаналы трансферттер бюджетаралық қарым-қатынасты жедел реттеу құралы саналады. Ағымдағы нысаналы трансферттер нормативтік-құқықтық актілерді қабылдаудан туындайтын жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу үшін беріледі. Ал нысаналы даму трансферттері өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылыммен және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін нысандармен қамтамасыз етілуін теңестіруге бөлінеді.
Қаржы ресурстары ең алдымен мемлекеттік стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру аясында қарастырылады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 1 ақпандағы № 40 қаулысымен Батыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, облыстық мәслихаттың шешімімен бесжылдық кезеңге арналған БҚО-ның даму жоспары бекітілді. Осындай құжаттарда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, мақсаттары, нысаналы индикаторлары және оларға қол жеткізу жолдары көрсетілген.
Егер нақты бағыттар туралы айтатын болсақ, онда бұлар — халықтың өмір сапасын жақсарту (тұрғын үй-коммуналдық сала, жолдар), өңір экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету (аграрлық-өнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру), әлеуметтік саланы дамыту (халықтың әл-ауқаты мен жұмыспен қамтылуы, тұрғындар денсаулығын жақсарту, білімнің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету).
— Батыс Қазақстанда шағын және орта бизнестен түсетін салық көлемі өсті ме?
— Салықтар — облыс бюджетінің кірістер құрылымына кіретін жергілікті қазынаны толықтырудың маңызды көздерінің бірі. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде нысаналы трансферттерді қоспағанда, кірістердің нысаналы мақсатқа ие болмайтыны көрсетілген. Тиісінше, шағын және орта бизнестен алынатын салықтар да бірінші кезекте ағымдағы әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз ету, жалақы, атаулы әлеуметтік төлемдер төлеу, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт ұйымдарын ұстау және басқа мәселелерді шешуге бағытталады деп айтуға болады.
Елімізде ауқымды әлеуметтік-саяси және экономикалық қайта құрулар жүзеге асырылғаны белгілі. Соның нәтижесінде өңірде қолайлы экономикалық ахуал қалыптасып, жалпы салық түсімдері молайып, облыс бюджеті көрсеткіштерінің елеулі өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мәселен, облыс бюджетіне түсетін нақты салық түсімдері 2000 жылдан бастап 16,6 есе, атап айтқанда, 9,8 млрд теңгеден 2024 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша 162,4 млрд теңгеге дейін өсті.
— Қазақстанда орталық мемлекеттік органдармен қатар әкімдіктер қызметінің тиімділігін арттыру бағытында шаралар қабылданғаны белгілі. Бұған байланысты не айтар едіңіз?
— Иә, Мемлекет басшысының 2010 жылғы 19 наурыздағы жарлығымен 2011 жылдан бастап орталық мемлекеттік және облыстардың жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігі жыл сайын бағаланып отырады.
Осы жылдар ішінде бағалау әдістемесіне елеулі өзгерістер енгізілді. Мәселен, ағымдағы жағдайына орай Қазақстанның мемлекеттік органдары қызметінің тиімділігін бағалау мыналарды қамтиды: мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін операциялық бағалау және мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелілігін бағалау.
Операциялық бағалау — мемлекеттік органдарда қызмет процестерінің тиімділігін айқындауға бағытталған іс-шаралар кешені. Нәтижелілікті бағалау — халықтың табысын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру кезінде мемлекеттік органдардың нақты нәтижелерге қол жеткізу дәрежесін айқындайтын іс-шаралар кешені.
Операциялық бағалау мемлекеттік органдар қызметінің мынадай блоктары бойынша жүзеге асады:
- мақсаттарға қол жеткізу;
- мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылы;
- мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы.
Мақсаттарға қол жеткізу блогы бойынша операциялық бағалау: Жоғары аудиторлық палата облыстардың даму жоспарларының мақсаттарына қол жеткізуі бойынша мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау бөлігінде; Қаржы министрлігі бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштеріне қол жеткізуі бойынша мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау бөлігінде жүзеге асырады.
Осыған байланысты бюджет қаражатын игеру тиімділігі әкімдіктер қызметінің тиімділігін арттырудың негізгі факторларының бірі саналады.
— Ендеше бюджет қаражатын толықтыру, оны тиімді пайдаланудың жолдары қандай?
— Бюджетаралық қарым-қатынас саясаты жалпы фискалдық орталықсыздандыру бағытына сәйкес келуге тиіс. Мемлекет басшысының бюджетаралық қарым-қатынасты реформалау жөніндегі соңғы тапсырмалары аясында жергілікті атқарушы органдардың қаржылық дербестігін одан әрі арттыруға баса назар аудара отырып, бюджетаралық қарым-қатынас жүйесін жетілдіру қажет. Бұл жерде атап өтетін жайт, жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджет қаражатына тәуелділігін қысқарту мақсатында салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті деңгейге беру, республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы қарсы трансферттерді барынша азайту, халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, аймақаралық сәйкессіздіктерді азайту тәсілдері пысықталатын болады.
Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар үшін өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігін біртіндеп төмендете отырып, өңірлік экономиканы дамыту және жергілікті бюджеттер кірістерін ұлғайту үшін қосымша ынталандыру пайда болады. Бюджеттің тұрақтылығын және бюджет қаражатын басқарудың икемділігін арттыру мақсатында нәтижелерге бағдарланған бюджеттеу қағидаттарын ескере отырып, блоктық бюджеттің жекелеген элементтерін енгізу ұсынылады. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатын басқару бойынша дербестігін арттыру блоктық бюджет элементтерінің бірі болып табылады. Бюджетті жоспарлаудың блоктық тетігі мемлекеттік органдарға тұрақты орта мерзімді лимиттер шегінде өз бюджетін дербес жоспарлауға мүмкіндік береді.
Блоктық бюджет кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджет қаражатын басқару бойынша кеңейтілген өкілеттіктерге ие болады және ұзақ мерзімді мақсаттарға көбірек назар аударылады, осыған байланысты тікелей игеру бюджетті атқарудың мақсаты болып табылмайды. Бұл жерде басты назар түпкілікті нәтижеге қол жеткізу керектігіне аударылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірлер орталыққа жалтақтамай, өз бюджетімен күнін көре ала ма, сол мәселеге сараптама жасаған едік.