Әкімге қауіп төнді: Қостанай облысы басшысына қатысты фейк-видео тарады
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысының әкімдігі бейненің жасанды интеллект арқылы жасалғанын хабарлады.
Мессенджерлерде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов бейнеленген бейнежазба тарады. Онда өңір басшысы өзіне қауіп төнгенін мәлімдейді. Кейін бұл бейнежазбаның фейк, оның жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы жасалғаны анықталды.
– Қостанай облысының әкімдігі жалған ақпарат тарату фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арызданды. Ведомство фейк жасауға және таратуға қатысқандардың барлығы анықталып, заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатынын мәлімдейді, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Аймақ тұрғындарын арандатушылыққа берілмеуге, осындай материалдарды әрі қарай таратпауға және ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
Бұған дейін жүргізуші куәлігін 10 сәуірге дейін ауыстыру қажеттігі туралы жалған ақпарат тарап жатқанын жазып, ескерткен едік.