Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде жоба еліміздің 17 облысы мен 1894 ауылдық округін қамтиды.
Жобаның негізгі мақсаты – әкімдерді артық қағазбастылықтан арылтып, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы барлық маңызды деректі бір платформаға жинақтау.
– Жүйе Отбасының цифрлық картасы негізінде әзірленіп, 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректерін біріктірді, – делінген хабарламада.
Платформада тұрғындардың табысы, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтермен қатар, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру салаларының көрсеткіштері және мемлекеттік қолдау шараларын алушылар жөніндегі ақпарат қамтылған.
Министрліктің мәліметінше, деректерге жедел қолжетімділік әкімдерге нақты мұқтаж азаматтарды анықтап, әлеуметтік қолдау шараларын тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
– Сондай-ақ мемлекет өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды алдын ала анықтап, қажетті көмекті проактивті форматта ұсына алады, – деп атап өтті ведомство.
Жоба ауылдық әкімдіктердің әкімшілік жүктемесін де азайтады.
Нақты уақыт режимінде қалыптасатын аналитикалық деректер есеп дайындау кезіндегі қол еңбегін қысқартып, адами фактордың ықпалын төмендетеді.
– Бұл басқарушылық шешімдерді объективті деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Алдағы уақытта платформаның функционалы кеңейтіледі.
Жүйеге жер ресурстары, салықтар, субсидиялар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының қызметіне қатысты деректер енгізіледі.
Бұл ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға және өңірлердегі басқару тиімділігін арттыруға қосымша мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстанда 183-ші «Ауыл құтқарушылары» өртке қарсы бекеті ашылды.