Ақмол кентінде 42 әскери қызметші отбасыларымен жаңа пәтерге қоныс тебеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмол кентінде күрделі жөндеуден кейін жалпы алаңы 3 390 шаршы метр 42 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілмек, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінен.

Қазір жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Жоспар бойынша осы айда әскери қызметшілер мен олардың отбасылары жаңартылған пәтерлеріне орналасады.

Бұдан сәл бұрын Гвардейский кентінде 52 пәтерлік тұрғын үй күрделі жөндеуден кейін тапсырылған болатын. Жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде тұрғындар көшірілген еді. Күрделі жөндеуден кейін оларды қуантарлық тосын сый күтіп тұрды: үйдің барлық терезелері мен есіктері ауыстырылды, шатыры, инженерлік желілері жаңартылды. Үйдің қасбеті жөнделді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Аягөз қаласында жалпы алаңы 5 790 шаршы метрлік 90 пәтерлік тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмысты толыққанды аяқтау 2016 жылға жоспарланды.

Күрделі жөндеу қазақстандық әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін дайын тұрғын үйлерді сатып алу мен оларды салумен қатар, министрліктің тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесінің бір бөлігі.

Өткен жылғы мәліметтер бойынша, Аягөз және Ақтас қалаларында 80 пәтерлік тұрғын үйлер, сондай-ақ Гвардейский кентіндегі 98 пәтерлік және Приозерск қаласында 36 пәтерлік жатақханалар күрделі жөндеуден өткізілген болатын.