Жиынға аймақ басшысы Мəлік Мырзалин төрағалық етті.
«Өңірде əлеуметтік маңызы зор азық-түліктің бағасы əкімдіктің ұдайы бақылауында. 2018 жылдың 10 айында облыс бойынша тұтыну бағасының индексі 103,2 пайызды құрады. Бұл - республика бойынша бірінші көрсеткіш. Өткен жылмен салыстырғанда инфляция деңгейі 2 пайызға, азық-түлік тауарларына инфляция 1 пайызға кеміді», - деп атап өтті Ақмола облысының кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп басқармасының басшысы Ербол Жақсылықов.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде бағаны тұрақтандыруда мемлекеттік-жекеменшік əріптестік мүмкіндіктері қолданылауда. Мəселен, қарашаның 27-і күні Көкшетау қаласының əкімдігі мен кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп, ауыл шаруашылығы басқармалары жəне «Есіл» əлеуметтік кəсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ бірлесіп, өңірдің ірі тауар өндірушілерімен облыс орталығына арзандатылған бағаға əлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларын тікелей жеткізу туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар, əкімдік отырысында тарифті төмендету жəне тарифтерді қалыптастыруда ашықтықтықты қамтамасыз ету шаралары туралы Ақмола облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко айтып берді.
Басқарма басшысының сөзінше, жұмыс тобының сарапшылары барлық табиғи монополиялалар субъектілеріне тарифтік смета бойынша талдау жүргізді. 2018 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша электр, жылу, сумен жабдықтау жəне су жіберу қызметтеріне тарифті 7-ден 36 пайызға дейін төмендетуге резервтері бар 18 субъекті анықталды. Оның ішінде «Степногорск Энерготранзит» ЖШС 36 пайыз, «Көкшетау жылу» МКК 36 пайыз, «Жақсы Су» МКК 25 пайыз, «ЭнергоПромТехно» ЖШС жəне «АРЭК» АҚ тарифті төмендетіп отыр.
Сондай-ақ, өңірде лифті, байланыс, ПИК қызметі мен көмір бағасын төмендету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аймақ басшысы М.Мырзалин аудан жəне қала әкімдеріне, салалық басқарма басшыларына əлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарлары мен қызметтердің бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру туралы тапсырма берді.
Бұдан бөлек, əкімдік отырысында өңірдегі қоғамдық-саяси жағдай мəселелері де қарастырылды. Бұл туралы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкееваның есебі тыңдалды.