Аймақ басшысы осымен екінші рет тікелей эфир арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын шығарып, телекөрермендердің сауалына жауап берді.
Бағдарлама әлеуметтік желі және телеарнаның сайты арқылы көпшілікке көрсетілді. Тұрғындардың сұрақтарын қабылдау үшін арнайы сall-орталық жұмыс істеді.
Мәлік Мырзалин Елбасының Жолдауында айтылған міндеттердің облыста жүзеге асырылуы және өңірдің одан әрі даму перспективалары туралы айтып берді. Аймақ басшысы ақмолалықтардың тұрғын үй, жол, сумен жабдықтау, үш ауысымды мектеп мәселелері жөніндегі сұрақтарына бір сағаттан астам уақыт бойы жауап беруге тырысты. Эфир уақытында қамтылмай қалған сұрақтар мен жауаптар кейін жергілікті БАҚ жарияланады.
Облыс диқандары 4,3 миллион гектар егістік алқаптан 5,5 миллион тоннадан астам астық жинады. Гектар берекесі 13 центнерден айналды. Өнеркәсіп саласында құны 74 миллиард теңге болатын 30 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, 1820 жаңа жұмыс орны ашылды. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 44 пайызға өсті.
«Ақмолалықтар Бұланды ауданында құс фабрикасының ашылуымен мақтана алады. Бұл - еліміз үшін маңызды жоба, толық қуатына шыққан кезде ет импортының 30 пайызын қамтиды», - деді әкім.
Бірінші кезеңде кәсіпорынның қуаты жылына 25 мың тонна құс етін құраса, алдағы уақытта екі есеге ұлғаяды. Ал, жобаның үшін кезеңінде кәсіпорын қуатын 100 мың тоннаға жеткізу жоспарда бар.
Тұрғындарды толғандырған тағы бір маңызды мәселе - жол сапасы. Облыс әкімі атап өткендей, биыл жергілікті мақсаттағы жолдардың 426 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық көрсеткіш. Целиноград ауданында жолдарды дамытуға бөлінген қаржы 4 есеге ұлғайды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі ширай түседі. Оған қоса, тұрғын үй құрылысы да 8 пайызға ұлғайып, жыл сайын тапсырылатын пәтер саны 380-400-ге артады. Яғни, 2030 жылы адам басына 30 шаршы метр баспанадан келеді. Ал, жеке үйлерді салу үшін алдағы 5 жылда 5800 жер телімі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Облыста үш ауысымда оқытатын 11 мектеп бар. Бұл мәселені шешу үшін 3 мектеп пен оқу-тәрбие кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. 2 мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Ал, 5 мектептің жобалық-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптамасы жасалу үстінде. Өңірде 600 оқушы үшін қосымша ғимарат жалға алуда тәжірибе бар.
Осы ретте, Мәлік Мырзалин оқу нысаны бейімделген емес, типті болуына тоқтала келе, ғимаратты жалға алу тәжірибесінің мәселені түбегейлі шешуде тимді емес екенін айтты.
«Мемлекет басшысы қысқа мерзім ішінде үш ауысымда білім беру мәселесін шешуді тапсырды. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінді. Біздің облыста бұл мәселені түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыста елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта 35 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 10-нын биыл аяқтау жоспарда бар.
9 ауданда ұзындығы 220 шақырымдық су өткізу және 21 шақырым кәріс желісі салынады. Сондай-ақ, 19 елдімекенде жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатса, 43 елдімекенде жер асты суының қоры зерттелуде.
Сонымен қатар, Мәлік Мырзалин «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы, спортты дамыту және халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын қолдау мәселесіне тоқталды.