«Қазақстан» РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалы «КOKSHE» телеарнасы тұңғыш рет Өзбекстан Республикасында өткен «ТЭФИ-Достастық-2018» телевизиялық фестивалінің сыйлығына ие болды.
«Ақмолалық тележурналистер Целиноград ауданындағы «Родина» агрофримасы» кәсіпорны орналасқан Родина ауылы туралы түсіріген көркем фильмді фестивальге жолдаған. Шаруашылықтың басшысы, талантты ұйымдастырушысы Иван Сауэр кеңес үкіметі құлаған өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында шаруашылықты шашау шығармай, техниканы да, малды да аман сақтап қана қоймай еліміздегі үлгі елді мекенге айналдыра білді. Мұнда озық технология бойынша сүт өнімі өндіріледі, жұмысшалар мен ауыл тұрғындарының өмір сүруіне барлық жағдай жасалған», - деп түсіндірді ведомстводан.
«Родиться, быть успешным» көркем фильмнің авторы өңірлік «КOKSHE» телеарнасының редакторы Юрий Обердиенконың айтуынша, бұл жеңіс бір ғана адамның емес, бүкіл ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жасаған еңбегінің арқасы. Сонымен қатар, жұмыссыздық пен қылмыс мүлдем жоқ осы ауылды құрған танымал кәсіпкер Иван Сауэрдің тележобаға басты кейіпкер ретінде таңдап алынуы маңызды.
Айта кету керек, жыл сайын ТМД елдері және шетелдік телевизиялық компаниялар арасында өткізілетін халықаралық байқау биыл тұңғыш рет Ташкент қаласында ұйымдастырылды.
Байқауға 12 елден 13 жұмыс іріктеліп алынған. Жүлдеге ақмолалық тележурналистермен бірге, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдава елдері және Ресейдің «Бірінші арнасынан» ұсынылған шығармашылық жұмыстар ие болды.