Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен аппарат кеңесі өтті. Кеңесте көктемгі егіс жұмыстарының қазіргі барысы туралы және күннің ысуына байланысты туындайтын өрт қауіпінің алдын алу шаралары айтылды.
Кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов атап өткендей, бүгінгі күнге дейін белгіленген 4,3 миллион гектар алқаптың 2,9 миллион гектарына дәнді және бұршақ дақылдарының тұқымы себілді. Бұл барлық егіс алқабының 67,5 пайызы. Қазір шаруашылық диқандары белгіленген күндік норма - 230 мың гектардың орнына, 295 мың гектар алқапқа тұқым сіңіруде. Осындай қарқынды жұмыстың нәтижесінде өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда биыл 450 мың гектар жерге тұқым артық себілген. Майлы дақылдар белгіленген алқаптың 67 пайызына, ал картоп отырғызу 75 пайызға жетті.
«Ірі шаруашылықтар бойынша қиындықтар жоқ. Оларда заманауи машина-трактор паркі қолданылуда, агротехникалық талаптар сақталып, жалпы егін егу науқанын тиімді жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Ауыл шаруашылығы басқармасы өңірдің әкімдерімен бірлесіп шағын шаруашылықтардың жұмыстарын ұйымдастырулары керек. Алда - шешуші апта, сондықтан уақытты тиімді пайдалаған жөн», - деп атап аймақ басшысы Ермек Маржықпаев.
Сонымен қатар, алда өрт қауіпі күшейетін уақыт келе жатқандықтан, облыс басшысы аудандардың әкімдері мен тиісті салалық қызмет басшыларына қатты қалдық сақтайтын полигондарда, атап айтқанда Степногорск, Макинск, Есіл қалаларының маңындағы осындай орындарда өрт қауіпсіздігінің сақталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Кеңесте облыс әкімі Ермек Маржықпаев жартыжылдықтың қорытындысы бойынша кейбір салалар бойынша көрсеткіштерді арттыруға назар аударды. Олардың қатарында бюджеттік қаржыны игеру, инвестиция тарту, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемін арттыру сияқты салалар бар.