Ақмола фтизиопульмонология орталығында 79 науқас коронавирустан емделіп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығының бөлімшесінде 79 науқас бар, оның ішінде 12 науқас ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жұмабек Махашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығы - COVID-19 індетіне қарсы күресте алдыңғы қатарда болған ауруханалардың бірі.

Бастапқыда 25 провизорлық төсек-орын болса, кейін індеттің өршуіне байланысты 135 төсек-орындық жұқпалы індетке арналған бөлімше болып ұлғайтылды.

«Бүгінгі күні бізде 120 төсек-орын бар, оның 5-уі балаларға арналған болса, 10-ы жансақтау бөлімшесінде. Бөлімшеде 86 медицина қызметкерлері еңбек етуде. Оның ішінде 8 дәрігер, 36 орта және 39 кіші медицина қызметкері бар. Жыл басынан бері бөлімшеге 137 науқас түсті. Олардың 71 емделіп шықса, 8-і көз жұмды. Бүгінгі күні бөлімшеде 79 науқас ем қабылдауда, оның ішінде 12 науқас ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл науқастардың 17-і ғана індетке қарсы екпе алған», - деді Жұмабек Махашев.

Орталық директоры атап өткендей, індеттен сауығып шыққан науқастардың денсаулығын қалпына келтіруге де ерекше көңіл бөлінеді.

«Жалпы осы мәселеге байланысты 2021 жылдың мамыр айында орталығымызда COVID-19 індетімен ауырған науқастарға арналған оңалту бөлімшесі ашылып, жұмыс істеп тұр. Онда ем алу курсы - 10 күн. Бөлімшеде науқастарды оңалту үшін барлық жағдай жасалған», - деп толықтырды Жұмабек Махашев.