Ақмола кәсіпкерлері Нидерландымен байланысты нығайтпақ
Кездесу барысында екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік сектор мен сауда-экономикалық мүмкіндіктер кеңінен қаралды. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Ақмола өңірінде аграрлық, өнеркәсіп және туризм салалары жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Ақмола облысы мен Нидерланды арасында 2017 жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 3,2 миллион АҚШ долларын құрады. Қазіргі уақытта біздің облыс бойынша 7 кәсіпорын нидерландықтармен тығыз қарым- қатынаста жұмыс істейді.
«Импорт негізінен ірі қара, құс еті, картоп тұқымы, мал азығы, механикалық құралдар, ауыл шаруашылығы техникалары. Бұған қоса, облыстың экспорттық əлеуеті де жоғары. Шикізаттан бөлек, қайта өңдеуші кəсіпорындардың өнімдерін экспорттауға біз дайынбыз», - деп атап өтті Мəлік Мырзалин.
Өз кезегінде Дирк Ян Коп мырза бірлескен кəсіпорын қызметі бойынша екіжақты әріптестік қатынасты дамытуға әзір екендігін жеткізді.
«Қазіргі таңда екіжақты қатынас бұрынғыдан жақсы дамуда. Біз мұнайгаз саласындағы іскерлік байланысты қолдаймыз. Соңғы кездері, ауыл шаруашылығы саласында байланыс дұрыс жолға қойылды. Ақтөбе, Алматы жəне Шымкент қалаларында голланд технологиясын игеру бойынша тəжірибеміз бар. Оның ішінде Ақмола облысында голланд технологиясын қолданып жүрген екі кəсіпорын жұмыс істейді», - деді Дирк Ян Коп.
Кездесуде екіжақты байланысты одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Тараптар достық қатынасты нығайту жəне тəжірибе алмасу үшін бизнесмендерден құралған делегацияны қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Осы ретте, Мəлік Мырзалин инвестиция тарту жəне жаңа технологияларды қолдануда ауыл шаруашылығы мен өнеркəсіп саласында ғана емес, туристік бағытта да облыстың қызығушылығы зор екенін атап өтті.