Ақмола мен Өзбекстан ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өңірге жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Ақмола облысы мен Өзбекстан Республикасының Сырдария хокимяты арасында қол қойылған меморандумды жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Айта кетейік, соңғы екі жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасында сауда-экономикалық байланыс нығайып келеді. 2018 жылдың қаңтар-мамыр айында Ақмола облысы мен Өзбекстан Республикасы арасында сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға артқан. Жиында Ақмола облыстық әкімдігі мен Сырдария облысының хокимияты арасында сауда-экономикалық саласындағы өзара əріптестікті дамыту сөз болды.

"Облыс ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм салалары бойынша республикада алдыңғы орында. Сондықтан, біз Өзбекстанның Сырдария өңірімен қай салада болмасын ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз", - деді Мəлік Мырзалин.

Еске сала кетейік, екіжақты сауда-экономикалық қатынас шеңберінде ақмолалық делегация осыған дейін Өзбекстан Республикасының Сырдария өңірінде болған еді. Енді өзбекстандықтар Ақмола облысына сапарлап отыр.

Кездесуден соң өзбекстандық делегация «Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған Сырдария хокимиятының өнеркәсіп және азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесін аралап көрді.

2017 жылдың қараша айында Ақмола облыстық әкімдігі мен Сырдария облысының хокимияты арасында сауда-экономикалық жəне мəдени-гуманитарлық саласындағы өзара əріптестік туралы меморандумға қол қойылған болатын.