Ақмола облысы аудандық білім бөлімі мемлекеттік сатып алудағы заң бұзушылық үшін 1 млн теңге айыппұл арқалады

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола прокурорлары мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы облысы прокуратура мәлім етті.

Бұланды ауданының прокуратурасымен мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы сақтау мәселесі бойынша аудандық білім бөлімінің қызметіне талдау жүргізілді. 

— 2022-2024 жылдар бойы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде Бөлім техникалық ерекшелікте сатып алынатын тауардың жеке өнім берушіге тиесілігін айқындайтын тауар белгілерін, фирмалық атауларын, өндірушінің атауларын заңсыз көрсеткені анықталды, — делінген прокуратура хабарламасында.

Атап айтқанда, күзет-өрт дабылы жүйелерінің жабдықтарын, кеңсе техникасын, сондай-ақ құрылыс материалдарын сатып алуға 11 шарт анықталды. Жоғарыда аталған заң бұзушылықтар бәсекелестікті едәуір тарылтады, әлеуетті өнім берушілердің ауқымын шектейді.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша Бөлім басшылығы ӘҚБтК-нің 207-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 1 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды (айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді).

Еске сала кетейік, бұған дейін СҚО-да қоныс аудару бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыны ұрлау фактілері анықталғанын жазған болатынбыз.