Министрліктің мәліметінше, өңірде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін Бурабай, Шортанды, Макинка және Ақкөл станцияларының вокзалдары пайдалануға берілді.
– Жыл басынан бері Ақмола облысына бағытталған теміржол көлігі бойынша жолаушылар ағыны 296 мың адамды құрады. Қайта жаңғыртылған вокзалдар жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, туристік бағыттардың қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
1988 жылы салынған Бурабай курорты вокзалы тәулігіне орта есеппен 1 601 жолаушыға қызмет көрсетеді. Жазғы маусымда бұл көрсеткіш 2 мың адамға дейін артады.
Үш қабатты вокзал ғимаратының жалпы ауданы 3,2 мың шаршы метрден асады. Станция арқылы Астана, Алматы, Атырау, Петропавл, Қызылорда, Орал, Қарағанды қалаларына, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстанға қатынайтын 30 жолаушылар пойызы өтеді.
Сонымен қатар Шортанды, Макинка және Ақкөл станциялары арқылы 14 жолаушылар пойызы қатынайды.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңғыртудан кейін 30 вокзал іске қосылды.