Ақмола облысынан шығатын өнімдердің сапасына басыммен жауап берем – Марат Ахметжанов
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов үйінде қандай өнім тұтынатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Ақмола облысында тұрғандықтан, әрине, сол өңірдің өнімдерін тұтынамын. Тек қана дәмін татып жүрген жоқпын. Қалай өндірілетінін де көрдім. Экологиялық тұрғыдан өте таза, гендік-модификациялық қоспасыз өнімдері. Астана қаласының 44 супермаркетінде Ақмола облысының өнімдері сатылып тұр. Олардың сапасына жеке басыммен жауап бере алам. Өйткені қалай жасалып жатқанын, қандай залалсыз жағдайда өндірілетінін көргенмін», - деді аймақ басшысы.
Марат Ахметжанов Ақмола облысында өндірілетін ұн сапасына жеке тоқталды.
«Біздің ұн тек Қазақстанда ғана емес, әлемде танымал. Ақмола облысындағы астықтың сапасы әлемде ең жоғары болып есептеледі. Одан бөлек Макин құс фабрикасы бар. Жыл сайын 80 мың құс етін шығарамыз. Қазір құс етінің түрлі өнімін ұсынып отыр. «Қазгер-Құс», «Ижев» құс фабрикалары шығаратын жұмыртқалар Астананың бүкіл дүкен сөрелерінде тұр. «Родина» атты әйгілі кеңшарымыздың сүт өнімдері де жаппай дүкендерде тұр. Жеңілдетілген несие арқасында тағы 15 млрд теңгеге 7 тауарлы сүт фермасы құрылып жатыр. Олар да Астана мен өзге де өңірлерді сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді», - деді әкім.