Ақмола облысында 2 мыңға жуық жер пайдаланушының дербес деректері жарияланып кеткен

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы Біржан сал ауданының прокуратурасы дербес деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзған шешімнің күшін жойды.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

— Талдау барысында Біржан сал аудандық мәслихатының шешімімен (2024 жылғы 25 желтоқсандағы №С-18/3) Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар бекітілгені, ол 2 000-ға жуық жер пайдаланушылардың дербес деректері, оның ішінде Т.А.Ә., ЖСН, БСН, сондай-ақ кадастрлық нөмірлері мен жайылымдық жерлердің алаңы көрсетілген өздеріне тиесілі жер учаскелері туралы мәліметтердің ашық қолжетімділікте орналастырылғаны анықталды, — делінген хабарламада.

Мұндай мәліметтерді ашық қолжетімділікте орналастыру Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабына, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңына қайшы келеді, сондай-ақ олардың заңсыз, оның ішінде алаяқтық мақсатта пайдаланылуына жағдай туғызады.

Прокуратураның наразылығы бойынша мәслихат шешімінің күші жойылып, айтарлықтай мөлшердегі азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалды.

Айта кетелік Астана прокуратурасы 80 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғаған еді