Зеренді ауданының табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Мырзакөлсор су айдынында рейд жүргізу кезінде балық ресурстарын заңсыз аулау дерегін анықтаған.
Полицейлер Алексеевка ауылының 32 жастағы тұрғыны басқарған көлікті тоқтатқан. Көлікті тексеру барысында салоннан балық салынған 65 қап, ал жүксалғыштан балық аулауға арналған құралдар мен арнайы киім табылды.
– Заңсыз ауланған балықтың жалпы салмағы 264 келіні құрады. Ер адамның айтуынша, ол балық аулауға алғаш рет шыққан және ауланған балықты жеке қажетіне пайдаланбақ болған. Балық ресурстарын заңсыз аулау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бап санкциясына сәйкес, күдіктіге 3 000 АЕК-ке дейін, яғни 12 975 000 теңгеге дейін айыппұл салынуы, түзеу жұмыстарына тартылуы, үш жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе одан айырылуы мүмкін, – деп хабарлады ведомстводан.
Жыл басынан бері Ақмола облысында балық аулау ережелерін бұзғаны үшін 260-тан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, Алматы облысында 260 келі балықты заңсыз аулаған браконьерлер сотталды.