Ақмола облысында 264 мектеп Starlink интернетіне қосылған

Фото: Ақмола облысы білім басқармасы

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында жыл соңына дейін 270 мектеп кең жолақты жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Қазірдің өзінде 264 мектепке Starlink интернеті орнатылған.

Ақмола облысы білім басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес облыстың 528 мектебі жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алады. Оның ішінде 264 мектепте интернет жылдамдығын 150-ден 230 Мбит/сек дейін қамтамасыз ететін Starlink спутниктік жабдығы орнатылған. Осы жылдың соңына дейін тағы 6 мектеп «Starlink» интернетіне қосылады.

Фото: Ақмола облысы білім басқармасы

«Бүгінгі интернеттің дамыған уақытында білім алушыларды дұрыс бағытқа бағыттау, интернеттің көмегімен жаңа білім алуға үйрету, оларды күнделікті өмірде қолдану. Starlink жоғары жылдамдықты интернетті пайдалану мектеп мұғалімдерінің сабақтарын дайындауды және өткізуді сапалы жаңа деңгейге ауыстырады, бұл оқу процесін қызықты етеді, бүгінгі күннің шындығына жауап береді, қажетті уақытта қажетті ақпаратты береді», - дейді білім басқармасынан.

Қазақстанда бірінші болып пилоттық режимде Starlink интернетіне Қорғалжын ауданының Майшұқыр ауылындағы орта мектеп қосылған. Бастама бастапқыда қалалық және ауылдық мектептер арасындағы орта білім беру сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған.

Интернет жылдамдығының артуы шалғайдағы ауыл мектептерінің ұстаздары үшін де тиімді болып отыр. 

«Кең жолақты интернет бізге стандартты оқу процесінің шеңберінен шығып, білім беру мүмкіндіктерін едәуір арттыруға, сондай-ақ, жаңа дағдыларды игеру үшін компьютерлік технологиялар мен құралдарды пайдалануға көмектеседі», - дейді Астрахан ауданындағы Ұзынкөл орта мектебінің мұғалімі Қайрат Мұратов.

Өңірде Starlink спутниктік интернет жүйесіне қосылған білім ошақтарының бірі – Егіндікөл ауданындағы Көркем орта мектебі. Жолсыз, сусыз отырған шалғайдағы Егіндікөл ауданындағы ауылдардың жоғары жылдамдықты инернетке қосылуы қуанышты жаңалық екені сөзсіз.

«Мектебіміз жоғары жылдамдықты Starlink спутниктік интернетіне қосылған. Жылдамдығы жоғары болғандықтан балаларымызға өздерінің білімдеріне қажетті деректерді ғаламтордан тез жүктеп алады. Бұл әрине, баласының сапалы білім алуына алаңдайтын ата-ана үшін үлкен қуаныш», - дейді ауыл тұрғыны А.Хайруллина.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша цифрлық даму министрлігі «РҒБО»

АҚ Ұлттық ғарыштық байланыс операторымен бірлесіп Starlink спутниктік интернеті арқылы елдің орта білім беру мекемелерін ақпараттық-коммуникациялық жүйелеріне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып жатыр.

2024 жылдан бастап SpaceX технологияларының көмегімен Starlink компаниясымен алдын ала уағдаластық бойынша Қазақстанның 2000 мектебін қосу жоспарланған. 

Ақмола облысында Starlink спутниктік интернетін енгізу бойынша пилоттық жоба аясында 270 білім беру ұйымын қосу жоспарланып отыр.