Ақмола облысында 55 көлікті заңсыз рәсімдегендер сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жалған төлем және есеп айырысу құжаттары қолданылған 55 автокөлікті заңсыз тіркеу фактісі бойынша қылмыстық істі аяқтады.

Фото: ҚМА

Бұған дейін тергеу барысында осы схеманың ұйымдастырушысы анықталған. 2020 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың қаңтарына дейінгі кезеңде шетелден әкелінген автокөліктерді бастапқы тіркеу схемасын топ болып ұйымдастырғаны белгілі болды.

- Бұл әрекеттер міндетті төлемдер мен салықтардың төленбеуіне және жалған құжаттарды пайдалануға әкеліп, мемлекетке 400 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Екі кінәлі тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен сотталғандар 2,5 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, - деп жазды департаменттен.

Сонымен қатар, соттың шешімімен сотталғандардың мүлкі — Астана және Көкшетау қалаларындағы жалпы құны 90,5 миллион теңгеден астам пәтерлер мен Көкшетау қаласындағы құны 35 миллион теңге болатын үй тәркіленді.