Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатыр және жеке инвестор қаражатына салынуда. Кәсіпорынды осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Бурабай ауданы туристер көп келетін өңірлердің бірі болғандықтан, тұрмыстық қалдықтардың көлемі де жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты ауданда қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесін енгізу қолға алынды.
Жаңа кешеннің жылдық қуаты 40 мың тоннаға дейін жетеді. Бұл аудан аумағында жиналатын тұрмыстық қалдықтардың негізгі бөлігін өңдеуге мүмкіндік береді. Қалдықтарды тасымалдау үшін тоғыз арнайы техника сатып алынады. Оның үшеуі электр қуатымен жұмыс істейді.
Жоба аясында қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізіледі. Кешенде 10 климаттық камера орнатылады. Онда органикалық қалдықтар өңделіп, техникалық топыраққа айналдырылады. Кейін бұл өнім көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына пайдаланылады.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Бурабай ауданында қазір 18 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін олардың бесеуін аяқтау жоспарланған. Атап айтқанда, магистральдық су құбыры желілерін салу, Щучье қаласының су бұру жүйелерін жаңғырту, Сарыбұлақ жолайрығынан Бурабай кентіне дейінгі жолды жарықтандыру және кент көшелеріне жарық орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа қоқыс өңдеу кешенінің іске қосылуы Бурабай ауданындағы қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.