Ведомствоның мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында құрамында алтыны бар кенді өңдеуге және бағалы металдарды бөліп алуға арналған жасырын цех анықталды.
— Кенді ұсақтауға және балқытуға арналған жабдық, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, сондай-ақ 2 млн теңгеден астам және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат тәркіленді, — делінген хабарламада.
Тінту барысында қару мен оқ-дәрілер табылды.
Қазіргі уақытта заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлға, сондай-ақ заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі анықталып жатыр.
Ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада дүкендер мен дәмханаларға қауіпті ет жеткізген жасырын цех анықталғанын хабарлағанбыз.