Ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өткен жылдың қараша айында өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды құтқару кезінде қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулин бейнеленген арт-объект Степногор қалалық 3-МӨСБ ғимаратының алдыңғы жағында орналасқан.
Батыр-құтқарушының портретін Степногор қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының және жергілікті атқарушы органдардың бастамасы бойынша Алматылық «AW_borders» компаниясы орындаған. Суретші Абылайхан Сүлейменовтың жұмысына 10 күндей уақыт кеткен.
Степногор қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ержан Қаппасовтың айтуынша, мурал батырды еске алу үшін және арнайы кәсіби мереке, 19 қазан – Құтқарушылар күніне орайластырып отыр.
«Асқардың ерлігін бүкіл Қазақстан біледі. Бұл мурал – бізге, сондай-ақ оның қыздарына қалған мұралардың бірі болып табылады. Оның ерлігін ұмытпағандарыңыз үшін көп рахмет және де қолдау көрсеткендері үшін қала әкімдігіне алғысымды білдіремін», – деді Асқардың ағасы Эльдар Забикулин.
Айта кетсек, бұдан бұрын Астанада ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы сериал түсіріліп жатқандығын жазған едік.