Ақмола облысында ауыл әкімі мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін жұмыстан босатылды

Фото: freepik.com

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Целиноград ауданының прокуратурасы тіркелген қылмыс пен оқиғалардың жедел есебін талдау барысында лауазымды тұлға мен мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекет жасаған фактіні анықтады. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасы мәлім етті.

— Қоғамдық орында масаң күйде бірнеше адам арасында жанжал туындап, нәтижесінде бір-біріне дене жарақатын салғаны анықталды. Аталмыш факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды, — делінген хабарламада.

Аудан прокуратурасының актісі негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі кеңесінің шешімімен тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін Қабанбай батыр ауылдық округ әкімі қызметінен босатылды.

Бұған дейін хабарланғандай, Ақмола облысында қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды.