Ақмола облысында балалар лагері рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген

Фото: pixabay

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Заңсыз жұмыс істеген балалар лагерінің жұмысын ұйымдастырған Астана қаласының 40 жастағы тұрғыны күдікке ілінді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Целиноград ауданының тәртіп сақшыларына 2024 жылғы 31 шілде күні белгісіз бір ауылда рұқсатсыз балалар лагері жұмыс істеп жатқаны туралы хабарлама түскен.

— Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігі («Жалған құжаттар, мөрлер, штамптар, бланкілер, мемлекеттік пошта төлемдерінің белгілері, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері болжамды ұйымдастырушы — Астана қаласының 40 жастағы тұрғынының жеке басын анықтады. Оның бұл заңсыз әрекетке қатысы анықталып жатыр, — деп хабарлады полиция департаменті.

Полиция өкілдері ата-аналарға тағы бір мәрте ескерту жасады:

— Балаларды сауықтыру лагеріне жібермес бұрын мекеменің тиісті рұқсат құжаттарының бар екеніне көз жеткізу қажет. Ата-аналар мен азаматтардан құжатсыз балалар демалысын ұйымдастыруды ұсынатын күдікті ұйымдар туралы полицияға дереу хабарлауды сұраймыз. Мұндай заңсыз лагерьлер тек заңды бұзып қана қоймай, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, — деді ведомство өкілдері.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда балалар лагерлерінің қалай тексерілетіні туралы хабарланған болатын.

Қазақстанда балалар лагеріне жолдама құны қанша екенін мына сілтемеден оқыңыз.