Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Целиноград ауданының тәртіп сақшыларына 2024 жылғы 31 шілде күні белгісіз бір ауылда рұқсатсыз балалар лагері жұмыс істеп жатқаны туралы хабарлама түскен.
— Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігі («Жалған құжаттар, мөрлер, штамптар, бланкілер, мемлекеттік пошта төлемдерінің белгілері, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері болжамды ұйымдастырушы — Астана қаласының 40 жастағы тұрғынының жеке басын анықтады. Оның бұл заңсыз әрекетке қатысы анықталып жатыр, — деп хабарлады полиция департаменті.
Полиция өкілдері ата-аналарға тағы бір мәрте ескерту жасады:
— Балаларды сауықтыру лагеріне жібермес бұрын мекеменің тиісті рұқсат құжаттарының бар екеніне көз жеткізу қажет. Ата-аналар мен азаматтардан құжатсыз балалар демалысын ұйымдастыруды ұсынатын күдікті ұйымдар туралы полицияға дереу хабарлауды сұраймыз. Мұндай заңсыз лагерьлер тек заңды бұзып қана қоймай, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, — деді ведомство өкілдері.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда балалар лагерлерінің қалай тексерілетіні туралы хабарланған болатын.
Қазақстанда балалар лагеріне жолдама құны қанша екенін мына сілтемеден оқыңыз.