Ақмола облысында биыл жаңғыртылған тағы үш вокзал ел игілігіне берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында тағы үш жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Олар Шортанды кентінде, сондай-ақ Макинск және Ақкөл қалаларында орналасқан. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Фото: Көлік министрлігі

Нысандарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілді.

Фото: Көлік министрлігі

— Бағдарламаға енгізілген нысандар саны бойынша өңір көш бастап тұр: қазіргі таңда 16 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Жаңғырту бағдарламасы вокзалдарға екінші өмір сыйлап қана қоймай, елді мекендердің туризм мен бизнесті дамытуына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға қосымша мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.

Жаңғыртылған вокзалдар қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Қайта жаңғырту барысында ғимараттардың қасбеттері мен ішкі бөлмелері, инженерлік желілер жаңартылды. Сондай-ақ жайлы күту залдары жабдықталып, навигация жүйесі жетілдірілді, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалы жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.

Фото: Көлік министрлігі

Еске сала кетейік, өңірде жаңғыртудан кейін алғаш болып Щучинск қаласының теміржол вокзалы жұмысын бастады. Шілде айында тағы 7 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал Көкшетау қаласындағы теміржол вокзалы қазан айында пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында жаңғыртудан өткен үш теміржол вокзалы пайдалануға берілді.