Ақмола облысында бірқатар жолдарды су басты

Фото: Фото: www.instagram.com/sinegor.kz/

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысының Зеренді ауданында бірқатар жолдарды су басты. Еріген қар суының тасқыны түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тарап жатыр. 

««Көкшетау-Атбасар-Ақадыр» және Ақадыр-Ескенежал» аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында су тасқыны болып жатыр. Осыған байланысты, аталған автожолдарда көлік қозғалысын шектеуді сұраймыз. Су азайған кезде жол төсемін қалпына келтіру шаралары қолданылатын болады», - делінген Зеренді ауданы әкімдігінің желідегі парақшасында.

Сонымен бірге, Жаманашы елді мекені арқылы өтетін «Көкшетау-Петропавл» тас жолында егістіктерде еріген қардың суы байқалады. Қазіргі уақытта бұл аумақта үйлерді су басу қаупі жоқ. Су басу қаупі туындаған жағдайда Зеренді ауданының диспетчерлік қызметіне 21-5-70 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысының бірқатар елді мекенінде су сору жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған едік.