Ақмола облысында бруцеллез жұқтырғандардың саны көбейді

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Сырқаттанғандар арасында 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер бар.

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Серік Омархановтың айтуынша, 2025 жылдың 12 айында облыста бруцеллез ауруының 15 жағдайы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 жағдайға немесе 33,3 пайыз артық.

— Сырқат Қосшы қаласында 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Жасөспірімдер арасында Ерейментау ауданы мен Көкшетау қаласында да тіркелді, — деді Серік Омарханов.

Науқастар инфекцияны жеке шаруашылықтарда жұқтырған. Облыс бойынша барлығы 32 адам анықталып, олардың барлығы бруцеллезге серологиялық тексеруден өтті. Қосшы қаласы мен Ерейментау ауданында байланыста болған екі адамның сараптамасы оң нәтиже беріп, оларға бруцеллез диагнозы қойылды.

Сондай-ақ облыста 2025 жылдың 12 айында жануарлардың тістеу фактілерінің көбейгені байқалды. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 544 жағдайға немесе 21,9% өскен. Былтыр 2481 адам көмекке жүгінді. Өтініштердің негізгі үлесі Көкшетау қаласына тиесілі — 24,1%. Облыс орталығы бойынша жыл ішінде 600 өтініш тіркелді, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында 194 жағдай (32,3%), ересек тұрғындар арасында — 406 жағдай (67,6%) тіркелді. 

— Өтініш білдіргендердің ішінен 2481 адам екпе алуға жіберілді. Олардың 2472-і вакцина қабылдады (99,6%). Шартты курсты (белгілі жануарлар) 1230 адам немесе 49,6%, шартсыз курсты (белгісіз жануарлар) — 1251 адам немесе 50,4% алды, — деп қосты Серік Омарханов.

Айта кетейік, Қызылордада бруцеллез жұқтырған 70-тен астам мал сойылды.