Ақмола облысында дәрігерлер әлі күнге коммуналдық шығындарға өтемақы ала алмай отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында ауылдық елді мекендерде тұрып, жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне коммуналдық қызметтер мен отын сатып алуға берілетін өтемақы мәселесі шешілмей келеді. Әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария саласының мамандары да осындай жағдайда.

Фото: Freepik

Заң бойынша ауылдық жердегі медицина қызметкерлеріне жылына бір рет 15 АЕК көлемінде (шамамен 60 мың теңге) әлеуметтік қолдау төлемі қарастырылған. Сол сияқты өтемақы аталған салалардың басқа да қызметкерлеріне берілуі тиіс. Алайда Ақмола облысында бұл мәселе бірнеше жылдан бері депутаттардың көтеруіне қарамастан, шешімін таппай келеді.

Облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаевтың айтуынша, бұл — әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды мәселе. Бұған дейін мұндай қолдау мұғалімдерге беріліп, бүгінде 12 мыңға жуық ауыл мұғалімі жылыту маусымына төлем алған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаның мәліметінше, өтемақыны барлық санаттағы қызметкерлерге төлеу үшін облыстық бюджеттен 195 млн теңге қажет.

- Қазір қаржы есебі 3 119 маманға дайындалған. Бірақ кейбір аудандар ережеге өзгеріс енгізбегендіктен, мәселе кешеуілдеп отыр, — деді ол.

«SENIM» салалық кәсіподағының төрағасы Серік Какенов те мәселені көтеріп, ауыл дәрігерлеріне өтемақы төлеу облыстық бюджет есебінен жүзеге асады деп мақұлданғанын жеткізді.

- Бұл мәселе облыс әкімі тарапынан да айтылған. Бар болғаны адам басына - 59 мың теңге, 2 200 дәрігерге қажет. Бұл — ауыл үшін үлкен көмек, — деді ол.

Акмола облыстық кәсіподақтар орталығының өкілі Болат Жупинов болса, жағдайдың ауылдық медицина кадрларын ұстап қалуға тікелей әсер ететінін айтты.

- Біз екі жылда 38 денсаулық сақтау нысанын саламыз деп отырмыз. Бірақ онда кім жұмыс істейді? Қызметкерлерді қолдамай, ауылдық медицинаны сақтап қала алмаймыз. Бұл — ауылдағы адам капиталын дамыту проблемасы, — деді ол.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ібікеновтің айтуынша, бюджетте үнемделген қаражат бар, бірақ әзірге оның қайда жұмсалатыны белгісіз. 

- 195 млн теңгені бөлу жолдарын қарастырып жатырмыз. Үнемделген ақша аясында қайта бөлінуі мүмкін, — деді Ібікенов.

Айта кетейік, Ақмола облысында науқастың 1,5 млн теңгесін алдап алған дәрігер сотталды.