Ақмола облысында егіс науқаны ғылыми ұсынымдарға негізделіп жүргізіліп жатыр

Фото: Фото: Ақмола облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM - 2025 жылғы көктемгі егіс науқаны аясында Ақмола облысында ғылыми негізделген тәсілдер мен заманауи агротехнологиялар кеңінен енгізілуде. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Биылғы жылы өңірде 336 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр, бұл шамамен 3 млн гектар егіс алқабын қамтиды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға жоғары. Мұндай өсімге тыңайтқыш құнының 60 пайызын мемлекет өтейтін жаңа субсидиялау механизмі өз ықпалын тигізді.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

«Тыңайтқыштарды дұрыс қолдану, сапалы тұқым және аграрлық ғылым ұсынымдарын сақтау — саланың тұрақты дамуының негізі. Қазіргі таңда тек қана егу емес, ғылыми негізделген тәсілмен, ақылмен егу маңызды», — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Бүгінгі таңда облыста 34 аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Олар өткен жылы 99 мың тоннаға жуық жоғары сапалы тұқым өндірген. Қазіргі таңда 540,2 мың тонна дәнді және дәнді-бұршақты, 12,1 мың тонна майлы, 3,8 мың тонна мал азықтық және 7,3 мың тонна картоп тұқымы себуге дайын. Осылайша облыс тұқыммен толық қамтамасыз етілген.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Биылғы жылы тұқым жаңарту деңгейін 11,2 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, ғылыми мекемелер ұсынған сорттық құрамды сақтау басты назарда: жаздық бидайдың 30 пайызы ерте пісетін, 50 пайызы орташа, 20 пайызы кеш пісетін сорттармен егіледі.

Егіске дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі - тұқымды залалсыздандыру. Облыста бұл мақсатта қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға барлық жағдай жасалған. Ішкі нарықта тұқымдық материалды өңдеуге арналған түрлі химиялық заттарды ұсынатын отандық өндірушілердің қатары артуда.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Облыста қолданылып жатқан агротехнологиялардың барлығы жетекші аграрлық институттар мен сарапшылардың ғылыми ұсынымдарына негізделген. Бұл — ауыл шаруашылығын тәуекелі жоғары аймақта тиімді жүргізуге және ресурстарды оңтайлы пайдалануға жол ашады.

Осыған дейін Ақмола облысында бірнеше ауыл таратылатыны туралы жаздық.