Ақмола облысында екі браконьер ұсталды

Фото: Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының Целиноград ауданында браконьерлік фактісі анықталды, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.

2025 жылғы 16 ақпан күні Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылының маңында рейдтік іс-шаралар барысында РМКҚ «Охотзоопром ӨБ» инспекторлары заңсыз аңшылықпен айналысқан екі ер адамды ұстады.

— Тексеру кезінде олардың үстінен ТОЗ-34 тегіс ұңғылы мылтығы мен оған арналған оқ-дәрілер табылды. Оларға тиесілі «Фольксваген» маркалы автокөлікті қарау барысында оның жүксалғышынан жабайы қабан мен қоянның ұшалары анықталды. Аталған факті бойынша Целиноград аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 337-бабының 1-бөлігі («Заңсыз аңшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын басталды, — делінген хабарламада.

Осыған дейін Атырауда мотоциклмен шана сүйреген браконьерлерден 530 келі балық тәркіленгені белгілі болды.