Ақмола облысында ер адам 8-қабаттан секірмек болған

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында полиция қызметкерлері көпқабатты үйдің 8-қабатынан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Ақмол облыстық ПД

Оқиға 10 шілде күні сағат 13:25 шамасында Степногорск қаласында болған. Полицияға шағын аудандардың біріндегі көпқабатты үйдің сегізінші қабатындағы балконнан ер адамның секіруге ниетті екені туралы хабар түскен.

Үш минут ішінде оқиға орнына патрульдік полиция взводының қызметкерлері Дамир Нұртасов пен Арман Блялов жеткен.

Полицейлер сегізінші қабатқа көтерілген кезде балкон сыртында тұрған ер адамды байқап, онымен бірден байланыс орнатуға тырысқан. Олар сабырлы сөйлесіп, азаматтың назарын аударып, сенімге кіруге әрекет етті.

– Әңгіме барысында ер адамның мұндай қадамға баруына жұбайымен болған жанжал себеп болғаны анықталды. Бір полицей сөйлесуді жалғастырып жатқан кезде, екінші қызметкер қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, ер адамды балконның ішкі жағына қарай тартып алды, – деп хабарлады полициядан.

Тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Құтқарылған азамат медициналық қызметкерлерге тапсырылып, қажетті көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді.

– Адам өмірін сақтау – полиция қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Осындай қиын сәтте жедел шешім қабылдап, дұрыс әрекет ету арқылы полицейлер тағы бір азаматтың өмірін сақтап қалды, – деп атап өтті ведомстводан.

Айта кетейік, Талдықорғанда полицейлер суицидтің алдын алды.