Өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы жалғасып жатыр. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және волонтерлермен бірге жеке секторда профилактикалық жұмыстар жүргізіп, үйлерді жылыту маусымына дайындауға ерекше назар аударып отыр.
— Соңғы бес жылда өңірде көміртек тотығы мен түтінді анықтайтын 12 мыңға жуық датчик орнатылды. Олардың дер кезінде іске қосылуының арқасында 30-ға жуық адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болды. Сонымен қатар мамандар түтін мұржалары мен жылыту пештерін тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін осындай профилактикалық жұмыстармен әлеуметтік осал топтарға жататын тағы 9 мың отбасыны қамту жоспарланған, — деді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Құтқарушылардың айтуынша, өрттің шығуына көбіне адам салғырттығы себеп болады. Олардың қатарында пешті пайдалану ережелерін сақтамау, электр жабдықтарының ақаулы болуы және от көздерін қараусыз қалдыру бар.
Мамандар кез келген өрттің салдарын жоюдан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді екенін еске салды.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада 500-ге жуық үйге тегін датчик орнатылғанын жазған болатынбыз.