Ақмола облысында қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды

Фото: ҚР ІІМ

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — ІІМ криминалдық полиция департаменті мен Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері аудандық мәслихат төрағасына жасалған қарақшылық шабуылды әшкереледі. Бұл туралы Polisia.kz жазды. 

15 шілдеде бетпердемен басын бүркеген екі ер адам Астраханка ауылында ерлі-зайыптылардың үйіне кіріп, аңшы мылтығымен қорқыту арқылы қарақшылық шабуыл жасаған. Шығын төрт миллион теңгеден астам. Олар жәбірленушілерді байлап, үйлерінің жертөлесіне қамап кеткен.

— Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті үш адам ұсталды. Олардың екеуі Жамбыл облысының, бірі Түркістан облысының тұрғыны. Бұған дейін бірнеше рет осындай қылмыстар үшін сотты болған. Тінту барысында жәбірленушілерге тиесілі алтын бұйымдар тәркіленді. Қазіргі уақытта үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі азаматтарға төнген кез келген қауіпке жедел ден қоя отырып, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде, — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Еске сала кетейік, бұған дейін халықаралық іздеуде болған қазақстандық Мысырда ұсталғанын жазған едік.