Ақмола облысында қаржы пирамидасының белгілері бар жобаға қатысты тергеу басталды
Қаржы мониторингі агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Қаржы пирамидасының белгілері бар «Eolus» инвестициялық жобаның бөлімшесінің қызметіне тосқауыл қойды.
Аталған компания үш ай бойы салымшыларды тарту мақсатында өз қызметін іске асырып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Eolus» өзін шет елдерде орналасқан жаңартылатын энергия көздерін, жел электр генераторларын енгізумен айналысатын компания ретінде таныстырған.
Бұл жобаны ұйымдастырушылар өз бизнесінің жоғары табысы туралы презентациялар жасай отырып, азаматтарды салым сомасының 3% көлемінде пассивті күнделікті кіріс алуға уәде бере отырып, ақша салуға көндірген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.