Ақмола облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусинаның мәліметінше, соңғы бірер айда өңірде қызылша жұқтырғандар саны артқан.
– Жыл басынан бері Ақмола облысында қызылша жұқтырғандар саны 206 адамға жетсе, 139 жағдайда (зертханалық – 104 жағдай (74.8%), эпидемиологиялық байланыс бойынша – 11 (7.9%), клиникалық – 24 (17.2%) расталды. Үшінші тоқсанда 11 жағдай тіркелді. Ал төртінші тоқсанның қазан және қараша айларында барлығы 26 жағдай анықталды. Бұл сәйкесінше үшінші тоқсанмен салыстырғанда 3,2 есеге көп, – деді Айнагүл Мусина.
Айтуынша, ауырғандардың 84,8 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмаған. Науқастардың 44 пайызы өздері немесе олардың ата-аналары бас тартқандықтан екпе алмаған.
Облыс бойынша қосымша жаппай иммундауға 44 600 адам жатады, оның ішінде 6-10 айлық жас аралығындағы балалар.
– 27 қарашадағы жағдай бойынша облыста 27 науқас ауруханаға жатқызылды. Барлығының жағдай орташа деңгейде, - деп толықтырды Айнагүл Мусина.
Қазіргі кезде, облыста 11 500 мөлшер екпе бар, қараша айында 43 350 мөлшер және желтоқсан айында 3 250 мөлшер жеткізу жоспарланған.
Облыс бойынша 1 жасқа дейінгі балаларды қызылшаға қарсы вакцинациямен қамту 83,6 пайызды құрады, талап етілгені кемінде – 79,2 пайыз. Вакцинациямен нысаналы топтың ішінен 9 963 бала қамтылды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Қазақстанда қызылша өршіп тұрғаны туралы жазған едік.