Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі үлкен көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы 2026 жылдың 13 қарашасында Астана-Атбасар-Жақсы автожолының 131-ші шақырымында болды.
— Алдын ала мәліметтер бойынша, шетелдік жүргізушілер тізгіндеген «FAW» автокөлік тасымалдаушылары 15 жаңа көліктен тұратын үлкен партияны Қорғастан Ресей Федерациясына алып бара жатқан. Бірінші жүк көлігінің жүргізушісі көктайғаққа байланысты көлікті басқара алмай қалған. Соқтығысу салдарынан көп тонналы жүк көліктері жолдан шығып, аударылып кеткен, — делінген полиция мәлімдемесінде.
Полицияның мәліметінше, апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Сонымен қатар, автокөлік тасымалдаушы жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге, әсіресе үлкен көліктерді жүргізген кезде, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады.
— Қыс келе жатыр, күн суытып, жолдардың мұз қатуына байланысты жол-көлік оқиғаларының қаупі айтарлықтай артады. Апаттың алдын алу үшін жүргізушілерге жылдамдықты азайту, қауіпсіз қашықтықты сақтау, шұғыл тежеу және маневр жасаудан аулақ болу және қысқы шиналарды тез арада орнату қажеттігін ескертеміз, — дейді полицейлер.
Бұған дейін Ақмола облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, бес адам ауруханаға түскенін хабарлаған едік.