Ақмола облысында көлік суға батып, екі қыз көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының Целиноград ауданында демалыс кезінде жеңіл көлік суға батып, салдарынан екі қыз қаза болды.

Фото: видеодан алынған скрин

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 11 шілдеде аудан аумағындағы суға толған карьерлердің бірінде болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл автокөлік белгісіз себеппен суға түсіп кеткен.

— Бұл жәт жөнінде хабар түскеннен кейін оқиға орнына Ақмола облысы мен Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Құтқарушылар жеткен кезде оқиға орнында полиция қызметкерлері болған, — деді Ақмола облыстық ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Апаттық-құтқару жұмыстары барысында мамандар су түбінен жеңіл автокөлікті шығарып, оның ішінен 8 және 12 жастағы екі қыздың мәйітін тапты.

Ведомствоның мәліметінше, отбасы бұл жерге демалуға келген. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Осыған дейін Көкшетауда тыйым салынған жерге шомылған ер адам суға батып кеткені туралы жаздық.