Ақмола облысында мал азығына арналған протеин өндіретін зауыт ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа зауыт аймақтың Ақкөл қаласында іске қосылды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Фото: ҚР АШМ

Инвестициялық жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылып, импорттық жемдік қоспаларға тәуелділікті азайтуға, мал шаруашылығы мен балық шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталған.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына — 150 тонна. Өндірісте негізінен ірі қараның, жылқы және өзге де жануарлардың терілері қайта өңделмек. Зауытта шығарылған протеин құс, балық, жылқы, қой және ірі қараға қосымша ретінде пайдаланылады.

— Бұл дәстүрлі жемнің тиімділігін 40% арттырып, өз кезегінде шаруашылықтардың өнімділігін көбейтеді. Қазірдің өзінде балық өсіруші кәсіпорындарымен алғашқы келісімшарт жасалды. Сүт жеткізу саласында да алғашқы қадамдар бар, — делінген хабарламада.

Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, екінші желіні іске қосу жоспарланған. Бұл құрамажем мен монокорм шығаруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, елімізде 216,3 млрд теңгеге алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салынады.