Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында жергілікті тұрғындармен және тауар өндірушілермен кездесті. Жиында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, мемлекеттік қолдау және саланы ілгерілету мәселелері талқыланды.
Жеті айдың қорытындысы бойынша өңірде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,3%-ға артты. Саланың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 15%-ды құрады. Биыл жалпы егіс алқабы 5,6 млн гектарға жетті. Майлы дақылдар егілетін аумақ 70%-ға ұлғайып, 840 мың гектардан асты.
Бөлінген 93,8 млрд теңге жеңілдікті қаржыландыру 1,2 млн гектар егістік алқапты қамтыды. Сонымен қатар жеңілдікті лизинг бағдарламасы бойынша 30,9 млрд теңгеге 475 бірлік техника жеткізуге 345 шарт жасалды.
Азат Сұлтанов өндіріс көлемін ұлғайтудан толық құн тізбегін дамытуға көшу қажеттігін мәлімдеді. Қазіргі уақытта мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспары бекітіліп, «Игілік», «Береке» және «Жайлау» кредиттік өнімдері іске қосылған. Айналым қаражатын толықтыруға 5%-дық мөлшерлемемен кредит беру бағдарламалары ұсынылуда.
Кездесуде фермерлер қайта өңдеу өндірісін кеңейту, өнімді сақтау мен өткізу инфрақұрылымын дамыту жөнінде ұсыныстар білдірді. Сапар қорытындысы бойынша өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басым бағыттары айқындалды.
Айта кетейік, осыған дейін Ақмола облысында су инфрақұрылымын жаңғыртуға қайтарылған активтерден 1,4 млрд теңге бөлінген болатын.