Ақмола облысында мектепті жөндеп жатқан автокран аударылды
11:28, 22 Шілде 2025
АСТАНА. KAZINFORM – Көлікті басқарған жүргізуші мас болған, сол үшін полицейлер оны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді. Аршалы аудандық полиция бөліміне Ижевск ауылындағы мектепті жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жүк көтергіш кран аударылып қалғаны туралы ақпарат келіп түскен.
— Аталған факт полиция бөлімінде тіркелді. Автокран жүргізушісі жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп түсіндірді ведомствода.
Полицейлер қосып өткендей, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Айта кетелік Астанада құрылыс алаңында кран аударылып, жұмысшы қаза тапқан еді.