Ақмола облысында мердігер лицензиясынан айырылды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен өңірде әлеуметтік сала нысандарын күрделі жөндеу жұмыстарының барысына тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың айтуынша, құрылыстың сапасы мен мерзіміне қатысты жұмыстар тұрақты жүргізіліп, ерекше бақылауға алынған.

«Бүгінгі таңда, тексеру нәтижелері бойынша 12 мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 мердігерге шартты бұзу, өсімпұл өндіріп алу және жосықсыз өнім беруші деп тану туралы талап арыздар берілді», - деді Е.Рамазанов.

Жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, кестеден кешіктірілген объектілердің арасында Біржан сал ауданы Степняк қаласындағы №1 мектеп бар. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бас мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС-ға қатысты күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына тексеру жүргізді.

Тексеру нәтижелері бойынша жөндеу кестелерінің айтарлықтай артта қалуы атап көрсетілді, сонымен қатар мемлекеттік стандарттар мен бекітілген жобадан ауытқулар анықталды.

Қазіргі уақытта Ақмола облыстық соты сот алқасының шешімімен «ГрадСтройСервис» ЖШС лицензиясынан айырылып, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ЖШС-ны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп таныды.

Фото: Ақмола облысы әкімдігі