Ақмола облысында табиғи өрттер әлі де тіркеліп жатыр.
Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаевтың айтуынша, 19 шілде күні Ерейментау, Есіл, Ақкөл және Қорғалжын аудандарында құрғақ шөптен тұтанған төрт өрт сөндірілді.
— Өрттің жалпы аумағы 37 гектарды құрады. Оқиға орындарына Ақмола облысы ТЖД-ның күштері мен құралдары, жергілікті атқарушы органдар, ерікті өрт сөндіру жасақтары, сондай-ақ «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттерінің қызметкерлері жұмылдырылды. Барлық өрт жедел түрде сөндірілді. Елді мекендерге қауіп төнген жоқ, — деді спикер.
Ерсайын Қойшыбаевтың сөзінше, өрттердің шығуына табиғи құбылыс — найзағай разрядтары себеп болған.
Бүгін Целиноград және Атбасар аудандарында тағы екі өрт сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы 2,5 гектарды құрады. Оқиға орындарында облыстық ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және жергілікті астық қабылдау кәсіпорнының (ХПП) күштері мен құралдары жұмыс істеді.
— Жалпы өткен аптада өңірде құрғақ шөптің бірнеше ірі өртену дерегі тіркелді. Олардың барлығы толықтай сөндірілді. Ешбір тұрғын үйге зақым келген жоқ. Бұл жағдай Ақмола облысында өрт қаупінің төртінші класы жариялануына, ұзақ уақыт бойы ыстық әрі құрғақ ауа райының сақталуына және найзағай разрядтарының жиі түсуіне байланысты болып отыр. Соның салдарынан құрғақ шөп тұтанып жатыр, — деп толықтырды Ерсайын Қойшыбаев.
Құтқарушылар облыс тұрғындары мен қонақтарын тұрмыста да, табиғат аясында да өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында 16 шілдеде басталған үлкен орман өрті 18 шілде сағат 9:45-те оқшауланғаны хабарланған болатын.