Ақмола облысында ондаған қоғамдық тамақтану орны лицензиясыз жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM - Ақмола облысында эпидемиологиялық маңызы жоғары 259 қоғамдық тамақтандыру нысанының 66-сы рұқсатсыз жұмыс істейді.
Мұндай тамақтандыру орындарының көбі Көкшетау қаласында – 20, Бурабай – 14, Целиноград – 8, Шортанды – 7, Бұланды – 6 және Қосшы қаласында – 5. Бұл туралы Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина хабарлады.
- Тексеру барысында анықталған бұзушылықтар бойынша ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 136-бабына сәйкес жедел ден қою шараларының мынадай түрлері қолданылады: қызметке немесе оның жекелеген түрлеріне тыйым салу, қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру, алып қою және кері қайтарып алу. Кәсіпкерлік субъектілері адамдар үшін өнімдердің, жұмыстар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен зиянсыздығын қамтамасыз ету үшін объектіде талаптардың сақталуына өзін-өзі бақылауды ұйымдастырып, жүргізуі тиіс, - деп атап өтті Айнагүл Мусина.
Өндірістік бақылау оның бағдарламасын әзірлеуді және зертханалық зерттеулер мен өлшеулерді жүзеге асыруды, сондай-ақ қызметкерлердің медициналық тексерулерден уақытылы және толық өтуін, өнімнің қауіпсіздігі мен сәйкестігін растайтын құжаттардың болуын бақылауды және т.б. қамтиды. Алты айда бір рет субъектілер өндірістік бақылау туралы есепті аумақтық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына ұсынуы керек.
873 қоғамдық тамақтандыру орнының 475-інде ғана өндірістік бақылау ұйымдастырылған. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған 259 қоғамдық тамақтандыру нысанының 96-сы ғана (38,2%) өндірістік бақылау бойынша есеп берді.
Бұған дейін Ақмола облысында 55 көлікті заңсыз рәсімдегендер сотталғанын жазған болатынбыз.