Ақмола облысында өрттен екі адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Щучинск қаласында жеке тұрғын үйден өрт шықты.

Фото: ТЖМ

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 90 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер қызыл жалынды сөндірді.

— Өртті сөндіру барысында құтқарушылар үйден 1968 жылы туған ер адамның және әйел адамның денесін алып шықты. Өрттің алдын ала себебі анықталып жатыр, — деп атап өтті ведомство.

Өртті сөндіруге өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылды.

Ал Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл деректің Бурабай аудандық полиция бөлімінде тіркелгенін хабарлады.

— Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері мен арнайы қызметтер жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — деп қорытындылады полиция.

Бұған дейін Атырауда темір қабылдау пунктінің аумағында екі вагон өртенген еді.