Ақмола облысында өз отбасының төрт мүшесін өлтірген ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді

АСТАНА.KAZINFORM - Қылмысы дәлелденгенін анықтаған сот отбасының төрт мүшесін қатыгездікпен өлтірген ер адамды психиатриялық ауруханада мәжбүрлі емдеуге жіберді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ақмола облыстық сотының хабарлауынша, мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот Аршалы ауданының тұрғыны мамандандырылған психиатриялық ауруханада мәжбүрлі емдеуге жатқызылуы керек деген қорытындыға келді.

Ер адамның бұрын сотты болғаны анықталды. 2016 жылы оған бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. 2022 жылы ол психиатриялық ауруханада мәжбүрлі емдеуге жатқызылған. 2023 жылдан бастап ол параноидтық шизофрения диагнозымен психиатрдың бақылауына алынған. Қазіргі уақытта ер адам Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Республикалық психиатриялық ауруханада емделіп жатыр.

2026 жылдың наурыз айында анасының үйінде ұялы телефонының істен шығуына байланысты жиенімен жанжалдасып қалған. Жиені «102» нөміріне қоңырау шалып, полицияға хабарлаған. Полиция келгенде анасы тұрмыстық жанжал шешілгенін айтып, олардың көмегінің қажет емес екенін түсіндіріп, кері қайтарған.

Полиция кеткеннен кейін, ер адам құқық қорғау органдарына қоңырау шалынғанына агрессия көрсетіп, үйдегі бірнеше адамға ас үй пышағымен соққы берген.

Нәтижесінде анасы, жиені және екі қарт қонақ оқиға орнында қайтыс болды. Қайтыс болған төрт адамның үшеуі зейнеткерлер.

Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша, ер адам созылмалы психикалық бұзылыспен - параноидтық шизофрениямен ауырады. Әлеуметтік қауіпті әрекет жасалған кезде ол созылмалы психикалық бұзылумен ауырған және өз әрекеттерінің нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсіне алмаған. Сарапшылар сонымен қатар ол тергеу мен сотқа қатысуға қабілетсіз деген қорытындыға келді.

— Сот шешімімен Г. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 1 және 5-тармақтарында көзделгендей, есі дұрыс емес күйінде әлеуметтік қауіпті әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, оған мамандандырылған психиатриялық ауруханада қарқынды бақылаумен мәжбүрлі емдеу тағайындалды.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Бұған дейін полиция 4 туысын өлтірді деп күдікке ілінген ақмолалықтың ізін суытпай ұстағанын хабарлаған едік.

Кейінірек күдікті ер адамға реактивті психоз диагнозы қойылғаны хабарланды.