Ақмола облысында пайдаланылмай жатқан 22 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында прокурорлардың араласуымен 22 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, өңірде жайылымдық жер мен егістік алқаптарының тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты прокурорлар жер телімдерін заңсыз иелену мен мақсатсыз пайдалануға қатысты жүйелі түрде шаралар қабылдауда.
Атап айтқанда, қазіргі таңда Біржан сал ауданының прокуратурасы «Жайылымдық жерлерді ұлғайту» жобасын іске асырып жатыр. Жоба аясында аудандағы бірқатар жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы алқаптарын ұзақ уақыт бойы Жер кодексінің талаптарына сәйкес пайдаланбай келгені анықталған.
Жол берілген заңбұзушылықтарды жою мақсатында Біржан сал ауданының прокуратурасы енгізген қадағалау актісі нәтижесінде кадастрлық құны 323 миллион теңге болатын 22 мың гектардан астам егістік жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
«Қайтарылған жерлерді адал жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлердің пайдалануына беру көзделіп отыр. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға және жер ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті облыстық прокуратура өкілдері.
Прокуратура атап өткеніндей, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар жер пайдаланушылардың пайдаланылмай жатқан жер телімдерін өз еркімен қайтаруына баса назар аударылуда.
Айта кетейік, құны 54 миллиард теңге болатын таулы аймақтағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды.