Ақмола облысында пойыз қағып кеткен ер адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында пойыз қағып кеткен ер адам көз жұмды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Қайғылы жағдай Шортанды ауданында болған. Пойыз дер кезінде тоқтап үлгермей, теміржол үстінде болған ер адамды қағып кеткен. Ол алған жарақатынан көз жұмған.

Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, 19 қарашада Астана станциясындағы көлік полициясы басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Іс теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша қозғалған.

– Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Полиция тұрғындарға теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін еске салды.

– Теміржолдан тек арнайы белгіленген жерлерден өтіңіздер. Пойыздың дыбыстық белгісін есту үшін теміржол маңында құлаққапты шешіп, баскиімнің күләпарасын түсіріңіздер. Пойыз өтіп бара жатқанда платформаның шетінде тұрмаңыздар. Вагондардың төбесіне шықпаңыздар. Жоғары кернеулі электр тогы адам өміріне аса қауіпті, – деп ескертті полиция өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда теміржол стансасының жұмысшысы вагон астында қалып, қаза тапқаны хабарланған еді.