Степногорскіде прокурорлар құны 18,3 млрд теңгені құрайтын ауқымды инвестициялық жобаның сақталуына көмектесті. Жоба аясында 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алайда компания мүлкіне тыйым салынып, банк шоттарына шектеу қойылуына байланысты жобаға қауіп төнген.
Атқарушылық іс жүргізу аясында сот орындаушысы компанияның мүлкіне тыйым салып, банк шоттарына шектеулер енгізгені анықталды. Бұл ретте тыйым салынған активтердің құны өндіріп алу сомасынан едәуір асып кеткен. Мұндай шаралар кәсіпорынның операциялық қызметін іс жүзінде тоқтатып, инвестициялық жобаның жүзеге асуына нақты қауіп тудырған.
Прокуратураның араласуынан кейін инвестордың құқықтары толық қалпына келтірілді. Негізсіз шектеулер мен тыйымдар алынып тасталып, жобаның тоқтап қалу қаупі жойылды.
Бизнесті және инвестицияларды қорғау жұмыстары жалғасуда және ерекше бақылауда.
Ақмола облысының прокуратурасы еске салады: егер сіз инвестор болып, әкімшілік кедергілерге немесе құқықтарыңыздың бұзылуына тап болсаңыз, дереу 8 (705) 129-11-40 телефонына немесе 115 Call-орталығына хабарласыңыз.
Осыған дейі прокуратураның Маңғыстаудағы бірегей өндіріс жобасының шикізат мәселесін шешкені туралы жаздық.