Ақмола облысында Республика күніне орай көк байрақ көкке көтерілді

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Көкшетауда Республика күніне орай Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Фото: Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалған сәтте көк байрақ көкке көтерілді.

Фото: Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Әнұранды «Жастар» вокалдық студиясының солистері мен «Көкшетау» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдарының біріккен хоры орындады. Мемлекеттік Туды Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттарынан құралған ту ұстаушылар тобы алып шықты.

Фото: Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Жерлестерін ұлттық мерекемен құттықтаған өңір басшысы Республика күнінің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік егемендік туралы Декларация Қазақстанның Тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды тарихи қадам болды.

Фото: Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

— Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күнін халқымыздың тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына жол ашқан қасиетті күн деп атап өтті. Бүгінде Қазақстан ауқымды жаңғыру кезеңінен өтуде. Оның басты мақсаты — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру. Ақмола облысы да ел дамуына өз үлесін қосып келеді: экономикалық әлеуетін арттырып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытып, инвестиция тартуда және жаңа жұмыс орындарын ашуда. Білім беру мен медициналық қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау — негізгі басымдықтарымыз. Әділетті Қазақстанды құру — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Біздің Отанымыз бір, мемлекетіміз бір, халқымыз бір, — деді Марат Ахметжанов.

Фото: Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Салтанатты шара аясында өңірдің дамуына, қоғамдық қызметке, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалардың өркендеуіне, сондай-ақ достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан ақмолалықтарға алғыс хаттар табысталды.